ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЧУВАШИН АУЫЛЫНДА ЖАҢА СУ ҚҰБЫРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы әрі қолжетімді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Чувашин ауылында маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Ағымдағы жылдың 15 желтоқсан күні, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Достық ауылдық округіне қарасты Чувашин ауылында жаңа орталықтандырылған су құбыры салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Су құбырының ашылу рәсіміне Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Е. Туксамбаев, аудан прокуроры А. Меңлібаев, «Батысгазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорының орынбасары Г. Муканова, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Аталған жоба Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы арқылы мемлекет меншігіне қайтарылған активтер қаражаты есебінен іске асырылды. Жаңа су құбыры ауыл халқын тұрақты әрі сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Чувашин ауылында 176 аула бар, халық саны 680-нен асады.
Жобаны іске асыру барысында мердігер ұйым ретінде «Батысгазстрой» ЖШС жұмыс атқарды. Құрылыс жұмыстарына техникалық қадағалауды «ГИМН» ЖШС жүргізсе, жобаның бас жобалаушысы — «ARLAN BM» ЖШС. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 7 356 метрді құрайды.
Жаңа нысанның іске қосылуы — ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш әрі өңірде әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқандығының айқын көрінісі. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендердің дамуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді.