Құрметті бәйтеректіктер!

Құрметті бәйтеректіктер!
Құрметті бәйтеректіктер!
Сіздерді ұлт тарихындағы маңызы зор мереке — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – Отанымыздың тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын, мемлекеттік рәміздерімізді, ұлттық құндылықтарымызды және тарихымызды құрметтеудің символы. Республика күні – әрбір азаматтың жүрегінде елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялататын ерекше мереке.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ» деген болатын.
Қазір біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған мемлекет атандық. Бұл – халқымыздың ортақ жеңісі.
Елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіруде алдымызда үлкен міндет пен мақсат бар. Біз ел ертеңіне деген сеніммен кемел бағдарымызды бағындырып келеміз.
Облысымызда, соның ішінде ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда. Жеке инвестициялар тарту бойынша Бәйтерек Ақ Жайық өңірінде алдыңғы қатарда. 2022 жылдан бастап ауданымыз облыстық бюджеттің доноры атанды. Агроөнеркәсіп кешені, соның ішінде өсімдік шаруашылығы - аудан экономикасының драйвері. Соңғы жылдары егістік жерлердің көлемі ұлғайып, қамбамыз астыққа, қоймамыз көкөніс өнімдеріне толуда.
Бұл – бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында жасалған жұмыстар. Бұл — ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің нәтижесі, туған жерге деген сүйіспеншілігі екені анық. Әлі де межелі асу мол, жетістігіміз алда.
Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары Республика күні еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша бәйтеректіктердің де отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырарына сенім мол.
Ендеше, Республика күні мерекесіне орай әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін!
Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ізгі тілекпен,
Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов