«Қариялар – өмір шежіресі» мерекелік концерт өтті

«Қариялар – өмір шежіресі» мерекелік концерт өтті
1 қазан – Халықаралық қариялар күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Қариялар – өмір шежіресі» мерекелік концерті өтті. Шараға ауданымыздың қазыналы қарттары, ардагерлер мен өнер сүйер көрермендер жиналды.
Сахна төрінде аудан өнерпаздары әсем әндері мен әсерлі әуендерін арнап, қарттарымызға сый-құрмет көрсетті. Концерттік бағдарламада Мусағалиев Жанболат «Қариялар» әнін шырқаса, халықтық «Шежіре» ансамблі «Шаңды жорық» күйін орындады. Әншілер Артур Сисенов, Мейірбек Жанболат, Жеңіс Қасымов, Алфия Ислямова, Мирас Мэлс пен Айдана Ажғалиева әуезді әндерімен көрермен жүрегін баурады. Сондай-ақ, халықтық «Ақниет» әжелер ансамблі, «Калинушка» және «Риченька» ансамбльдері өз өнерлерін ортаға салды.
Әсерлі де мазмұнды бағдарлама қазыналы қарттарымыздың жүздеріне шаттық пен қуаныш сыйлады. Концерт соңында ұйымдастырушылар барлық ардагерлерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына амандық тілеп, құрмет көрсетті.
Халқымыздың «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген нақылын дәріптеген бұл мерекелік кеш қарттарға деген ыстық ықыластың айқын көрінісіне айналды. Концерт мерекелік дастарханға ұласып, қарттарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мереке аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Бәйтерек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да қайырымдылық концертін қойып, қарттарға рухани демеу көрсетіп, ізгі тілектерін арнады.