Еліміздің тарихындағы ең қастерлі құндылықтардың бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл айтулы мереке – мемлекетіміздің жаңа дәуірге қадам басқанын айқындайтын, елдіктің еңсесін биіктеткен тарихи белес.
Ата Заң – халық пен мемлекеттің арасындағы басты келісімнің, тұрақтылық пен әділеттіліктің айқын көрінісі. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданып, мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының берік іргетасына айналды. Конституцияға арқа сүйеген әрбір қадам – ел дамуының жаңа мүмкіндіктерін ашып, Қазақстанды әлемдік қауымдастық алдында беделді мемлекет ретінде танытты.
Осы жылдар ішінде Конституция нормалары қоғам өмірінің барлық саласында іске асып келеді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалып, заң үстемдігі орнықты. Бұл – қазақстандықтардың бейбіт өмір сүріп, еңбегі арқылы ел мерейін арттыруына жасалған кең мүмкіндік.
Құрметті аудан тұрғындары!
Конституцияның 30 жылдық мерейтойы – әрқайсымызды елдік жауапкершілікке, азаматтық бірлік пен ортақ құндылықтарды қадірлеуге жетелейтін тарихи оқиға. Ата Заңға деген құрмет – тәуелсіздігімізді қастерлеудің, әділетті қоғам құруға ұмтылыстың және болашаққа деген сенімнің кепілі.
Осы мерейлі мерекеде баршаңызға амандық, отбастарыңызға шаттық пен бақ-береке тілеймін. Егемен еліміздің еңсесі биік болып, тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!