2025 жылғы 30 шілде күні Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Янайкин, Шалғай ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы белгіленуіне орай отырыс өткізді. Отырысқа аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурс орталығы мен аудандық қоғамдық- саяси «Ауыл тынысы» газетінің өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында Янайкин, Шалғай сайлау округтерін құру туралы және аталған ауылдық округ әкімдерінің сайлауын 2025 жылғы 7 қыркүйекке тағайындау туралы комиссия қаулылары қабылданды. Ауылдық округ әкімдері сайлауын тағайындау қаулыларына сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
2025 жылғы 31 шілде мен 12 тамыз сағат 18.00-ге дейін аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкіміне кандидаттардың ұсыну құжаттарын қабылдайды, сонымен қатар кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылғы 17 тамыз сағат 18.00-де аяқталады.
2025 жылғы 17 тамыз сағат 18.00-ден кейін кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті басталады және 2025 жылғы 6 қыркүйек сағат 00.00-де аяқталады.
Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді Шалғай ауылдық округі бойынша №167, Янайкин ауылдық округі бойынша №177 учаскелік сайлау комиссиялары өткізетін болады.
Бәйтерек ауданының аумақтық сайлау комиссиясы