Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында ауыл шаруашылығына арналған ірі республикалық «AGROFEST BATYS – 2025» фестивалі өз жұмысын бастады.
Фестиваль агросаладағы заманауи технологиялармен бөлісіп, тәжірибе алмасуға, инновацияларды насихаттауға, сала мамандары арасында кәсіби байланыс орнатуға бағытталған.
Ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров және фестиваль ұйымдастырушысы Армат Бисенов сөз сөйледі.
Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен және шет елдерден келген 40-тан астам компания, ауыл шаруашылығы техникалары, тыңайтқыштар мен тұқым өнімдерін өндірушілер, ғалымдар мен тәжірибелі фермерлер қатысуда. 8 мыңнан астам адам келуші ретінде тіркелген.
Шара барысында үздік мамандарға «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілері мен алғыс хаттар табысталды.
Келушілер агроинновациялармен танысып, шеберлік сабақтарына қатысып, серіктестік орнату мүмкіндігіне ие болды.