ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ БОЛУ МАҢЫЗДЫ

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ БОЛУ МАҢЫЗДЫ
Дариянда «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға жергілікті атқарушы құрылым, құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық білім деңгейін артыруға бағытталған заңнамалық көмек көрсету және құқықтық мәселелер бойынша нақты түсінікті беру.
Жиында бірінші болып сөз алған аудан прокурорының орынбасары Әділет Әбу тұрғындар үшін құқықтық сауаттылықтың маңызы, заңнамадағы негізгі қағидаттар мен құқық бұзушылық түрлері туралы түсінік берді. Сондай-ақ аптасына екі рет азаматтарды жеке қабылдау жүргізілетінін айтты.
Аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Шынар Қапаева Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде отбасын қолдау орталықтары ашылып, мобильді топтар арқылы қиын жағдайға тап болған жанұяларға көмек көрсетіліп жатқанына тоқталды.
Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Мәселен, аудандық №2 аурухананың директоры Ербол Сәрсенғалиев интернет алаяқтығына қатысты мәселе көтерді. Әділет Әбуұлы мемлект тарапынан оған қарсы алынып жатқан шараларға байланысты бұл қылмыс былтырғымен салыстырғанда 17 пайызға азайғанын атап өтті.
Сонымен қатар Дариян мектебінің 11-сынып оқушысы Владислав Ботов түнгі уақытта мотоцикл тебуіне қатысты қандай шаралар алдынантынын сұрады. Құқық қорғау саласы мамандары бұл бағыттағы заң талаптарын түсіндірді.
Кездесу барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар мемлекеттік бағдарламалар туралы маңызды ақпараттар берілді. Ұйымдастырушылар осындай кездесулерді алдағы уақытта тұрақты өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Дина АХМЕТОВА,
Дариян ауылы