Бәйтерек аудандық орталық кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, ардагер журналист Майдан Зайноллаұлының шығармашылығына 55 жыл толуына арналған «Өлкесін қаламымен өрнектеген» атты рухани кеш өтті.
Майдан Зайноллаұлы — сөз өнерін қадір тұтқан, елдің үні мен мұңын қаламы арқылы жеткізе білген қайраткер қаламгер. Шара барысында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов құттықтау сөз сөйлеп, қаламгердің азаматтық болмысы, шығармашылық ізденісі мен өмірлік ұстанымы туралы кеңінен тоқталып, иесіне құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады.
Кеш аясында Бәйтерек ауданының Құрметті азаматы, ҚР Инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы Ақсерік Айтимов Майдан Зайноллаұлының ауданға сіңірген еңбегі туралы айтып, жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Лучия Владимировна да қаламгерге деген құрметін білдіріп, жүрекжарды тілегін арнады.
Рухани кеште М. Зайноллаұлының замандастары мен әріптестері бас қосып, бірге еңбек еткен жылдарын тебіреніспен еске алды. Қаламгердің шығармашылығы мен адами қасиеттері жайлы әсерлі естеліктер айтылып, шынайы алғыс пен ақжарма тілектер ортаға салынды.
Шара барысында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіліп, «Өмір жолы — ел шежіресі» атты кітап көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ кеш көрермендерінің көңілін тербеген әуезді әндер орындалды.
«Өлкесін қаламымен өрнектеген» атты бұл кеш — ел руханиятына қосылған елеулі үлес ретінде есте қалары анық. Айтылған ақ тілектер мен ізгі ниеттер кештің мазмұнын тереңдете түсті. Мұндай тағылымы мол кездесулер — жас ұрпаққа өнеге, ал шығармашылық иелеріне рухани қолдау болары сөзсіз.