"Сан ғасырды сөйлеткен сырлы аспап" Ұлттық домбыра күніне арналған әдеби-сазды кеш

"Сан ғасырды сөйлеткен сырлы аспап" Ұлттық домбыра күніне арналған әдеби-сазды кеш
2025 жылғы 7 шілде күні Дариян ауылдық мәдениет үйінде Ұлттық домбыра күніне арналған “Сан ғасырды сөйлеткен сырлы аспап” атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кешті мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, ауылдық әкімдік пен шығармашыл қауымның қолдауымен белгілі жүргізуші Ермек Қали жүргізді. Ол кеш шымылдығын ашып, халқымыздың төл аспабы — домбыраның ұлт мәдениетіндегі орны, тарихи және рухани құндылығы туралы тағылымды ой қозғады.
Кешке Самара қаласынан (Ресей Федерациясы) арнайы келген өнер иелері — “Тұмар” домбыра үйірмесінің жетекшісі Кабделова Алия Жаксыликовна шәкірттерімен және “Қазақтың келіндері” ансамблінің жетекшісі Рысты Садыбекова, мүшесі Динара Гизатова, әнші-домбырашы Мералы Әдиет қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Олар екі ел арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына осындай кештердің ықпалы зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ кешке Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Насырұлы Какенов қатысып, шараның маңыздылығына тоқталып, қонақтарға ризашылығын білдірді.
Кеш барысында көрермендерге дәстүрлі күй мен ән-жырдан керемет көрініс ұсынылды. Жергілікті және Трекин ауылдық округінен келген өнерпаздар /жетекшісі Қуандық Жумақаев/ қазақтың төл өнерін ерекше шабытпен орындап, көрерменге рухани әсер сыйлады.
Кеш соңында Трекин ауылдық округінен және Самара қаласынан келген домбырашылар бірігіп, атақты композитор Әбдімомын Желдібаевтің “Еркесылқым” күйін орындап, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады. Бұл өнер тартуы – достық пен бірліктің, ұлттық өнерге деген шексіз құрметтің белгісі болды.
“Сан ғасырды сөйлеткен сырлы аспап” кеші – көрерменге рух сыйлаған, домбыраның үнімен елді тербеген мазмұнды әрі мағыналы шара ретінде есте қалды.