Құрметті жерлестер!

Құрметті жерлестер!
Тәуелсіз ел болу – тек дербес мемлекет атану ғана емес. Ол – өзінің Туын тігіп, Елтаңбасын бекітіп, Әнұранын шырқай алған халықтың ең үлкен жеңісі. Сондықтан да 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні – елдігімізді еске салып, бірлігімізді бекемдейтін қастерлі күн.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың жүріп өткен жолының, тәуелсіздікке жету жолындағы күресінің көрінісі. Олар – біздің ортақ мақтанышымыз, рухани тірегіміз. Әрбір азамат Ту көтерілгенде тебіренсе, Әнұран шырқалғанда арқаланып, Елтаңбаны көргенде кеудесін мақтаныш кернейтін болса – ол елдің болашағы зор.
Бүгінгі ұрпақ рәміздерге құрмет көрсетумен қатар, олардың мазмұнын түсініп, маңызын терең сезіне білуі тиіс. Себебі рәмізге деген көзқарас – бұл елге деген көзқарас. Туға қарап тұрып, ол үшін еңбек етуге ұмтылған жан – шын патриот. Елтаңбаға қарап, елдің іргесін берік ұстауға ниеттенген азамат – ертеңгі ел тірегі. Әнұранды шырқап тұрып, Отан үшін жанын аямауға дайын тұрған ұрпақ – еліміздің үміті.
Ауданымызда мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – күнделікті өмір салтына айналып келеді. Мектептерде арнайы сабақтар, патриоттық клубтар мен жобалар арқылы жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиет сіңірілуде. Бұл – болашаққа салынған сенімді көпір.
Құрметті аудан тұрғындары!
Мемлекеттік рәміздер – біздің кім екенімізді әлемге танытатын бейне, ұлттың жаны мен жүрегінің үні. Оларды құрметтеу – әр азаматтың ар-ожданына, елге деген адалдығына байланысты.
Баршаңызды осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтай отырып, елдік пен бірлік жолында табыс, береке тілеймін!