(Аудандық балалар музыка мектебіне – 60 жыл)
Бәйтерек аудандық балалар музыка мектебінің 60 жылдық мерейтойы мен Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығы аясында республикалық деңгейдегі фестиваль өтті. Қазақ музыка өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғаларды ұлықтауға бағытталған бұл маңызды шараға еліміздің танымал композиторлары мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Фестиваль аясында Қазақстанның тұңғыш кәсіби пианисі, композитор, профессор Нағым Меңдіғалиевтің шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Қонақтар қатарында ҚР Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Абдинуров, күйші, профессор Ермұрат Үсенов, өнер майталманы Аманжол Исмагулов сынды танымал тұлғалар болды. Олар композитордың мұрасын ұрпаққа насихаттаудың маңызын атап өтіп, мектеп ұжымының еңбегін жоғары бағалады.
Салтанатты шара барысында мектептің фоэсінде күй тартылып, көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Нағым Меңдіғалиев атындағы жаңа фортепиано класы ашылып, жас музыканттар өнер көрсетті. Құрметті меймандар композитордың рухына тағзым етіп, аудандық мешітке арнайы барып, Құран бағыштады.
Кеш соңында облыстық және аудандық өнер ұжымдары мен шәкірттер классикалық және ұлттық музыкалық шығармалардан концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Бұл – жас ұрпақты ұлттық өнерге баулудағы, қазақ музыкасының алтын қорын дәріптеудегі маңызды қадам болды.