
2026 жылғы 27 ақпанда облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетовтің төрағалығымен «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру, су шығынын азайту туралы» кеңейтілген жиналыс өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі, егіншілік департаментінің директоры Назгүл Серікқалиқызы Хатепова, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің «Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы» РММ басшысы Галидулла Азидоллаұлы Азидуллин, облыстық салалық басқармалар мен мекемелердің басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, қаржы ұйымдарының өкілдері, тыңайтқыш, пестицид және тұқым жеткізуші компаниялар, суармалы техника сатушы ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары екі күн бұрын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2025 жылғы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттер бойынша кеңейтілген алқа отырысы өткенін атап өтті. Аталған отырыста өңірлермен ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасының индикаторларын орындау мәселесі қаралған. Осы бағытта көрсеткіштерді орындау бойынша көшбасшы өңір ретінде Батыс Қазақстан облысы оң бағаланғаны айтылды. Бұл - ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен салалық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі екені жеткізілді.
Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарының стратегиялық маңызына тоқталып, көктемгі дала жұмыстары – жыл бойғы еңбектің берік іргетасы екені атап өтілді. Егісті дер кезінде бастап, сапалы аяқтау мол өнімнің басты кепілі. Сондықтан шаруаларды тұқыммен, жанар-жағармаймен, тыңайтқыштармен, техникамен және қаржылай қолдаумен толық әрі уақытылы қамтамасыз ету аса маңызды екені айтылды.
Жиналыс барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы мемлекеттік саясат, облыс диқандарының көктемгі егіске дайындығы, «Кең дала» бағдарламасы аясындағы несиелендіру, топырақтағы ылғал қорының болжамы, өңірдегі су жағдайы және вегетациялық кезеңге арналған ауа райы болжамы бойынша баяндамалар тыңдалып, диқандар көкейінде жүрген сұрақтарына жауабын алды.
Жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне дайындық жұмыстарын үйлестіру, суармалы алқаптарды тиімді пайдалану және шаруаларға көрсетілетін қолдау шараларын уақытылы жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысы бойынша көктемгі дала жұмыстарын ұйымдасқан әрі сапалы өткізу, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді.