
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ел игілігі жолындағы табанды еңбегімен үлес қосқан батысқазақстандықтар ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала мамандарын ұлттық мерекемен құттықтап, марапат иелеріне наградаларды табыс етті.
Осы ретте, өңіріміздің дамуына зор үлес қосқан бірқатар жерлестеріміздің Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес марапаттарға ие болуы – олардың еңбегіне берілген жоғары баға. Әсіресе, биылғы “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында маңдай терімен еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі ел тарапынан лайықты бағалануда», – деді Нариман Төреғалиев.
Ел еңбегін елеу – абыройдың белгісі
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізі, ауыл – берекенің бастауы. Осы саланың өркендеуіне өмірін арнап, маңдай терімен еңбек еткен азаматтар қашанда құрметке лайық. Биыл да ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел игілігі үшін қызмет атқарған бірқатар азаматтар марапатқа ие болды.
Марапатталғандар қатарында өз өмірін ауыл тіршілігімен тығыз байланыстырып, ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен ардагерлер бар. Солардың ішінде «Мемлекеттік қызмет ардагері» Отарбаев Аманбай Жолдасұлы мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кәкімова Балғаным Жантолықызы ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбектерімен көпке үлгі.
Отарбаев Аманбай Жолдасұлы – ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, мемлекеттік қызмет жүйесінде абыройлы қызмет атқарған тұлға. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ауыл шаруашылығы басқармасымен тығыз байланыста еңбек етіп, саланың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Іскерлігі мен адамгершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен жас мамандарға көрсеткен тәлім-тәрбиесі арқылы ол әріптестерінің және ауылдастарының құрметіне бөленді.
Кәкімова Балғаным Жантолықызы – еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласына арнап, өзінің кәсіби біліктілігі мен табандылығының арқасында үлкен жетістіктерге жеткен жан. Оның ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – соның айғағы. Балғаным Жантолықызы өз тәжірибесімен бөлісіп, жас буынды еңбекқорлық пен отансүйгіштікке баулып келеді.
Бұл марапаттар – тек жеке еңбектің емес, тұтас ауыл қауымының, сала қызметкерлерінің еңбегіне берілген баға. Ел дамуының тірегі саналатын ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан осындай азаматтар – бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі.
«Еңбегі еленген жан – елдің мәртебесі», – дейді халық. Ендеше, ел үшін тер төккен еңбек майталмандарының есімі әрдайым құрмет төрінен орын алары сөзсіз..