Егін ору жұмыстары туралы

Егін ору жұмыстары  туралы

Егін егу науқанның қортындысы бойынша ауыл шаруашылық дақылдарының барлық егіс алқабы 633 мың га, соның ішінде дәнді дақылдар 296,8 мың га (соның ішінде күздік дәнді дақылдар 91,5 мың га), майлы дақылдар – 121 мың га, картоп, көкөніс-бақша дақылдары – 4,2 мың га, мал азықтық дақылдар - 211 мың га құрайды.

Қазіргі уақытта кейбір диқандарымыз егін орағына кірісті. Бүгінде күздік бидай мен арпаны жинау басталды. Ұсынылған бастапқы мәліметтер бойынша дақылдардың өнімділігі жаман емес. Қазіргі таңға 520 га арпа мен күздік бидай орылып, 1,6 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділігі
30 ц/га құрауда. Дегенмен, бұл көрсеткіштерді жалпыға таңуға болмайды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі көпжылдық орташа мәннен кем болмайды деп болжанады.

Жалпы алғанда егістің жағдайы «жақсы» және «қанағаттанарлық» деп бағалануда.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта шаруалар ерте пісетін көкөністерді жинауда. 

Ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 11,8 мың тонна (шілде – 3,08 мың тонна, тамыз – 3,92 мың тонна, қыркүйек – 4,3 мың тонна, қазан – 0,52 мың тонна) арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Қазіргі таңда жеткізуші операторды айқындау мақсатында конкурс өткізуге хабарландыру беріліп, жеткізуші операторды анықтау бойынша комиссия отырысы ағымдағы жылдың 11 шілдесіне белгіленді . Күзгі дизель отынының бөлінген көлемі жеткізілгенге дейін, көктемгі дала жұмыстарына бөлінген, бірақ игерілмеген 1,9 мың тонна дизель отыны облыс шаруаларына қайта бөлінді. 1 литр дизель отынын Орал қаласындағы мұнай базаларынан жіберу бағасы - 254 теңге/литр құрайды.

Сонымен қатар, күзгі дала жұмыстарына техникалар толық дайын.

Күзгі дала жұмыстарына 5 312  бірлік трактор, 911 бірлік комбайн, 3711 бірлік тіркеме және өзге де техникалар қатысатын болады.

Диқандардың егіске енгізілетін тыңайтқыштары жеткізілуде. Бүгінде отандық зауыттардан және тыңайтқыш сатушылардан барлығы 4,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды (52,7%), келісімшартқа отыру жұмыстары жалғасуда (жол картасы бойынша жоспар 46 900 тонна).

Облыста арнайы лицензияланған 8 астық қабылдау кәсіпорыны бар, қазіргі уақытта өнімдерді қабылдауда. Осы кәсіпорындардың жалпы сыйымдылығы – 586 мың тоннаны құрайды, биылғы жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.

Астық қабылдау кәсіпорындарының аумақтарын тазалау, қоймаларды өңдеу, авто және теміржол таразыларын, зертхана жабдықтарын жыл сайынғы тексерістен өткізу жұмыстары аяқталды. Жаңа егіннің астығын қабылдауға дайын.

Көктемгі егіс пен егін ору жұмыстарына диқандарды барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд. теңге бөлінді (с.і. субсидиялар – 1,9 млрд. тг.). Бүгінге 595 млн.теңге игерілді.

Бұдан бөлек, көктемгі дала және егін ору жұмыстарын несиелеуге облысқа 21,4 млрд. теңге бөлінді, соның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 18,4 млрд. теңге («Кең дала 2» - 16,0 млрд. теңге, «Кең дала» – 3,0 млрд. теңге), «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ-на 3 млрд. теңге.

Бүгінде шаруаларға 5%-бен 9,2 млрд. теңге (43%) несие берілді, бұның сыртында 1,3 млрд. теңгеге жуық несиенің өтінімдері қаралуда. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда.