
Отарбаев Аманбай Жолдасұлы - алғашқы еңбек жолын 1969 жылы Ақтөбе облысы Байганин ауданы Ақжар совхозының жұмысшы қызметінен бастады. 1970 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1974 жылы «Агрономия» мамандығы бойынша сәтті аяқтады. Институт қабырғасында алған білімі мен біліктілігінің арқасында 1975-1977 жылдары Орал облысы Жымпиты ауданы Кеңестер Одағының XXII съезі атындағы совхоздың бөлімше агрономы қызметінде еңбек етті. Аға буын әріптестерінен тәжірибе жинақтады. 1977 – 1997 жылдары Ақтөбе облысы Темір ауданы Қайыңды совхозының №2 бөлімше агрономы, бас агрономы қызметін атқарды.
1997-2005 жылдары Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы департаментінің өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас маманы лауазымдарын атқарды.
2005 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрлігі Батыс Қазақстан облысының аумақтық басқармасының тұқым бөлімінің бас маман - тұқым инспекторы қызметіне ауысты.
2006-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы департаментінің егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы жұмысын атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Отарбаев Аманбай Жолдасұлы – ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, мемлекеттік қызмет жүйесінде абыройлы қызмет атқарған тұлға. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына қомақты үлес қосты. Іскерлігі мен адамгершілігі, атқарушылық қабілеті мен жас мамандарға көрсеткен тәлім-тәрбиесі арқылы ол әріптестерінің құрметіне бөленді.
Ер еңбегін елеу – абыройдың белгісі, адал еңбек еткен азаматтар қашан да құрметке лайық. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметті адал атқарған Аманбай Жолдасұлының «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі иегері атануы - осының айғағы.