"РАДУГА" ҰЖЫМЫНА 10 ЖЫЛ

"РАДУГА" ҰЖЫМЫНА 10 ЖЫЛ
Жайықтың қос қапталын тең иемденген ауданымызда сан ұлттың өкілдері тұрады. Солардың ынтымақ пен бірлікте, түсіністікте тірлік етуінде, ұлтаралық, этносаралық толеранттылықты қалыптастыруда «Радуга» славян мәдени-ұлттық орталығының маңызы зор. Орыс, беларус, украин, өзге де славян халықтарының басын біріктірген аталмыш орталықтың құрылғанына биыл 10 жыл толды. Атаулы датаға орай аудандық мәдени-демалыс орталығында салтанатты шара өтті.
Мұнда аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Махамбетұлы орталық мүшелерін мерейжасымен құттықтап, ауданымыздағы тұрақтылық, келісімнің сақталуына, рухани тыныс-тіршілігінің өрлеуіне қосқан үлесі үшін ризашылығын жеткізіп, Алғыс хат табыстады.
Шарада орталықтың жанынан құрылған «Раздолье» хоры өнер көрсетіп, славян халықтарының әндерімен қатар, қазақ халық әндерін де нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар экраннан «Радуганың» 10 жылда қол жеткізген табысы бейнеролик арқылы баяндалды.