Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы лауазымын атқарған Райымбек Қуанышқалиұлы Таубаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты аптаның сейсенбісі ауданға Батыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Жақсылық Жүсіпқалиұлы Айтбаев келіп, мекеме ұжымына жаңадан тағайындалған бөлім басшысы Дархан Сәлімгерейұлы Қалимеденовты таныстырды.
Д.Қалимеденов 1986 жылы 11 маусымда Ақжайық ауданы, Мерген ауылында дүниеге келген. Білімі - жоғары. 2004 жылы Орал қаржы-экономиқалық колледжін «Салық ісі» мамандығы, 2007 жылы Батыс Қазақстан «Еуразия» тілдер және басқару институтын «Есеп және аудит», 2012 жылы Еуразия академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы «Баян» шаруа қожалығының есепшісі болып бастаған. 2008-2009 жылдары «Уральскводстрой» акционерлік қоғамында материалдық алмасу инженері; 2009-2012 жылдары «Каспий консалтинг» жауапкершілік шектеулі серіктесігінің есепшісі»; 2012-2018 жылдары Шыңғырлау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер мен әскер қатарына шақырушыларды жинақтау жөніндегі бөлімше бастығы; 2018-2019 жылдары Акжайық ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жинақтау тобының бастығы; 2019 жылдан бастап жаңа тағайындауға дейін Акжайық ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары лауазымын атқарды.