АҚЖАЙЫҚ ӨЛКЕМ

АҚЖАЙЫҚ ӨЛКЕМ
Дәл осындай атаумен Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, сазгер, «КСРО-ның озат мәдениет қызметкері» белгісінің иегері, жерлесіміз Ғұбайдолла Хибашевтің әндерін орындаушылардың VI аймақтық «Ақжайық - өлкем» ән байқауының гала концерті өтті.
Аталған шара Ғұбайдолла Әбішұлының 80 жасқа толуымен тұспа-тұс ұйымдастырылды.
Шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы С.Дүйсенов Ғұбайдолла Хибашевке облыс әкімінің Құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапса, аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов Жұбан елі атынан Ғұбайдолла Әбішұлына шапан кигізіп, ат мінгізді. Сонымен қатар, кеш иесінің зайыбы Күнзада Машарқызына да құрмет көрсетілді.
Биылғы жылы ұйымдастырылған байқауға қатысушылардың өнерін саралаған елімізге белгілі өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының мүшелері Сауле Таудаева, Марат Сарбөпеев, Жаңылсын Хасанова, Дауренбек Мерғалиев киелі сахна төрінде жүлгерлерді марапаттады.
Байқаудың қорытындысы бойынша:
VI аймақтық «Ақжайық өлкем» ән – байқауының «Ғұбайдолла Хибашев» атындағы арнайы жүлдесімен Сырым ауданынан Алмагүл Жұма марапатталды.
III-дәрежелі диплом және лауреат атағын Азат Қабиев (Орал қаласы) және Алтынбек Базаров (Ақжайық ауданы);
II-дәрежелі диплом және лауреат атағын Рустам Хафизов (Орал қаласы);
I-дәрежелі диплом және лауреат атағын Елжас Мағзом (Теректі ауданы) иеленді.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның әншісі Айым Шекеева байқаудың БАС ЖҮЛДЕГЕРІ атанды.
Шара байқауға қатысушылар мен облыстың және ауданның көпке танымал өнерпаздары ұсынған Гала концертпен қорытындыланып, өнер көрсетушілер қалын көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, мерейлі жас иесі Ғұбайдолла Әбішұлының мән-мағыналы мәтінге жазылған әр сазы халықтың жүрегінен орын алып, шырқалуда. Соның ішінде кештің атауына арқау болған, жерлес ақын Мәлік Бердіәлінің сөзіне жазылған «Ақжайық өлкем» әні бүгінде Ақжайық ауданының гимніне айналды.