ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір азаматтың биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі. Мұны әрбір жас жете біліп, санасына сіңіріп өсуі тиіс.
Қолданыстағы заңға сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ, 18 жастан 27 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары мерзімді әскери қызметке шақырылады. Өткен жылдан бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату «Электронды үкімет порталы» арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет болып есептеледі. Аталған қызметтерді көрсетуге жергілікті атқарушы органдар жауапты.
2022 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында аудан бойынша 170-ке жуық азаматтар зерделенеді. Зерделеу барысында әскерге шақырушылардың алған мамандықтары, сонымен қоса олардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы жөніндегі мәлімет нақтыланады.
Өткен жылы аудан бойынша әскерге шақыру науқандарында 121 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, бүгінгі таңда 155 әскерге шақырылушы медициналық (әскери-дәрігерлік) комиссиядан өтіп, бір тобы әскери бөлімдерге жолданды. Көктемгі әскерге шақыру науқанында 60-қа жуық сарбаз әскер қатарына қосылмақ.
Өкінішке орай мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарған, қазіргі таңда іздестіруде жүрген 13 әскерге шақырылушы бар. Қорғаныс істері жөніндегі аудандық бөлім мен ішкі істер органдары әскери міндетті атқарудан жалтарған азаматтарды іздестіруді ұйымдастыру және жүргізу үшін бірлескен қызмет жоспарларын жасақтап, жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы кездері әскери қызметшілер арасында келісім-шарт арқылы қызмет атқарушылардың қатары көбеюде. Ақжайық ауданынан қорғаныс істері жөніндегі аудандық бөлім арқылы келісім-шарт бойынша әскер қатарында 20-ға жуық азамат қызмет етуде. Олар қойылған тапсырмаларын лайықты түрде орындап, азаматтардың конституциялық құқықтары мен қауіпсіздігін, мемлекет тыныштығын қауіп-қатерлерден қорғау бағытында өз қызметтерін барынша мүлтіксіз, абыроймен атқаруда.
Бүгінгі таңда келісімшарттық қызмет атқару үшін қабылдау жүргізілуде. Жасы 19 бен 34 аралығындағы мерзімді әскери қызметтен өткен, жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқыған немесе әскери-техникалық мектепті аяқтағандығы жөнінде сертификаты бар Қазақстан азаматтары қабылданады.
Бүгінде мектеп оқушыларын әскери мамандыққа қызықтыру бағытында әскери оқу орындарының түлектері мен ұстаздары келіп, кездесу кештерін ұйымдастыруда. Түлектердің арасында әскери мамандық меңгеруге құлықты жастардың болғаны қуантарлық жағдай. Мысалы Қарулы күштер қатарына алынып, кәсіби сержанттар даярлайтын Щучинск қаласындағы әскери колледжде 4 жерлесіміз білім алуда. Курсанттарымыздың Отанымызды қорғау жолында бесаспап жауынгер болатындығына сеніміміз мол.
Суретте: Щучинск қаласындағы әскери-техникалық колледжінің кадеттері