Ұлы Отан соғысының ардагері өмірден озды

Ұлы Отан соғысының ардагері өмірден озды
Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, Есімов Сұпығали ағамыз жарық дүниемен қош айтысты.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қаралы хабарды естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Әулетіне, туған-туыстарына, ел-жұртқа қайғыра көңіл айтамын. Жұмақта нұры шалқығай!
Есімов Сұпығали 1926 жылы 14 қаңтарда Жаңақала ауданының 24-ауылында шаруа жанұясында дүниеге келген. 1944 жылдың қараша айында Кеңес әскері қатарына алынып, Чкалов қаласында әскери оқу-жаттығудан өтеді.
Сержант шенімен Жуков басқаратын І Украина майданында болған. 1170 атқыштар полкінде пулеметші болып жауға қарсы жан аянбай соғысқан. Ұрыстарда тайсалмайтын өжеттігіне, қиын сәттерден қаймықпаған ерліктеріне сай, бөлімше командирі боп тағайындалды. 1945 жылы 4 сәуірден бастап бөлімшесімен Берлинді алуға арналған қиян-кескі ұрыстардың алдында жүрді. Жеңіс жалауын фашист ордасының төбесінде желбіретуге қаруластарымен бірге қанын да төкті, терін де төкті.
Кейіннен соғыс аяқталған соң, Эстониядағы құпия атом зауытында, содан кейін 1949-1953 жылдары 3278 әскери бөлімшеде өз қызметтерін абыроймен атқарды.
Әскер қатарынан 1954 жылы елге оралып, бейбіт майдандағы еңбекке белсене араласады. 1955-56 жылдары Ақтөбе облысында Магаджан ауылшаруашылық мектебін бітірген. Ауданымыздағы бұрынғы Батурин (қазіргі Ақсуат) кеңшарында 20 жыл қой бағып, еңбекқорлығымен, ұқыптылығымен көзге түседі. 1974-1986 жылдары аудандағы су шаруашылығы саласында адал қызмет атқарған. Сол ұйымнан зейнеткерлікке шығады.
 
 
Аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов