Мейрам қарсаңында ескерткіш тақта ашылды

Мейрам қарсаңында ескерткіш тақта ашылды
Бүгін Есенсай ауылы маңында құлаған Кеңес Одағы әскерінің қолданысында болған американдық «Дуглас» ұшағының командир-капитаны Н.Ф. Виноградов пен экипаж мүшелеріне арналған ескерткіш тақта орнатылды. Шараға Ақжайық ауданының «Құрметті азаматы», ақын С.Бисенғалиев, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатынасты. Ескерткіш тақтаның ашылуында ақын С.Бисенғалиев өлең арнап, еңбек ардагерлері гүл шоқтарын қойды.
1943 жылы ақпан айында Сталинград майданынан «Полигонға» азық-түлік, құжаттар, керек-жарақ жеткізу мақсатында ұшып шыққан «Дуглас» ұшағына🛩 жолай жылдамдығы басым «Мессершмитт» жау ұшағы✈кезігіп, атып құлатқан. Құтылмасын білген «Дуглас» ұшағы құпия нысанды әшкерелемес үшін өз бағытынан әдейі ауытқып, Есенсайға қарай асып, 5 адамнан тұратын ұшақ экипажы қаза табады. Жерге жанып түскен ұшақтың жекелеген бөлшектерін көрген ауыл адамдары соғыстың бір оқиғасына куә болған. Экипаж командирі капитан Виноградов Николай Федорович пен бірге ұшқыш Степанов болғаны анықталады, басқа экипаж мүшелерінің аты-жөні белгісіз. Кейін қаза болған жерін естіп білген командирдің анасы мен қарындасы оның басына тәу еткелі 1963 жылы осы өлкеге келіп кеткен.