Ақжайық ауданында асфальт-бетон зауыты іске қосылды

Ақжайық ауданында асфальт-бетон зауыты іске қосылды

Бүгін Ақжайық ауданында асфальт-бетон зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық жобаның іске қосылу рәсіміне аудан әкімі Мұрат Сердалин, аудандық мекемелердің басшылары, инвесторлар, кәсіпкерлер, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара барысында аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы экономиканың тұрақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі ретінде инвестиция тартуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше басымдық беріп отырғанын атап өтті. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде Ақжайық ауданында инвестиция тарту жұмыстары қарқын алып, ірі өндірістік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Биыл республикалық маңызы бар Орал – Атырау автожолының Ақжайық ауданы аумағындағы 189–249 және 372–432 шақырымдары аралығында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа өндіріс орны – осы ауқымды инфрақұрылымдық жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыру мақсатында пайдалануға берілген маңызды нысан.

Зауыттың өндірістік қуаты сағатына 60 тонна асфальт-бетон қоспасын құрайды. Бұл жол құрылысына қажетті материалдармен үздіксіз қамтамасыз етіп, құрылыс қарқыны мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 80 тұрақты жұмыс орны ашылып, өндіріс орны алдағы екі жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Бұл ауданның өндірістік, логистикалық және экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ.

Зауыт заманауи автоматтандырылған технологиямен жабдықталған. Мұнда өндірілетін асфальт-бетон қоспасы барлық техникалық талаптар мен сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.
Салтанатты рәсім аясында өндіріс орнының іске қосылуын білдіретін лента қиылып, қатысушылар зауыттың өндірістік жұмысымен танысты. Жобаның техникалық мүмкіндіктері таныстырылып, кәсіпорынның өңірдегі жол құрылысы саласын сапалы материалмен қамтамасыз етуге, ауданның инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға қосатын үлесі ерекше атап өтілді.