Ауданда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Ауданда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Бүгін аудан әкімі Мұрат Сердалиннің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері қатысып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты екі өзекті мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Талғат Мұшағалиев аудан аумағындағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстың жай-күйі туралы баяндама жасады.

Баяндамашы аудан бойынша кәмелетке толмағандардың саны, білім беру ұйымдары және қолайсыз отбасылар жөнінде мәліметтер ұсынып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында білім беру ұйымдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстардың тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ата-аналар жиналыстары, түсіндіру кездесулері, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Демалыс», «Абайлаңыз, балалар!» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілген.

Жыл басынан бері 252 әкімшілік хаттама рәсімделіп, кәмелетке толмағандарға қатысты 4 қылмыстық іс тіркелгені айтылды. Сонымен қатар, қолайсыз отбасылармен жеке профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе жазғы демалыс кезеңінде бақылауды күшейту бағытындағы шаралар жалғасып жатқаны жеткізілді.

Екінші мәселе бойынша облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының Ақжайық ауданы бойынша әдіскер-координаторы Нұрлы Кубашева ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарының жай-күйі туралы баяндама жасады.

Баяндамада аудан мектептерінде жүргізілген диагностикалық жұмыстардың нәтижесінде ерекше бақылауды қажет ететін оқушылар анықталып, олармен жүйелі сүйемелдеу жұмыстары жүргізілгені туралы айтылды.

Сондай-ақ педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және сынып жетекшілері оқушылармен және олардың ата-аналарымен жеке және топтық консультациялар, тренингтер, профилактикалық кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келе жатқаны баяндалды.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында ерекше бақылауды қажет ететін балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуін қамтамасыз ету, оқу мотивациясын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстардың жалғасып жатқаны атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша аудан басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытында жауапты мекемелерге нақты хаттамалық тапсырмалар берді.