
Бүгін аудан әкімі Мұрат Сердалиннің төрағалығымен лездемелік кеңес отырысы өтті. Кеңеске аудандық мекемелер мен бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне көшпес бұрын аудан басшысы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы өткізген аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің 2025–2026 оқу жылындағы қызметінің тиімділігін бағалау рейтингісінің қорытындысына тоқталды. Бағалау барысында білім сапасы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметі, педагогтердің кәсіби деңгейі, оқушылардың олимпиадалар мен байқаулардағы жетістіктері, кадрлық әлеует, қосымша біліммен қамту деңгейі, мемлекеттік аттестаттау нәтижелері, әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырылуы және басқару тиімділігі жан-жақты сараланған. Бағалау нәтижесінде Ақжайық ауданының білім беру бөлімі облыс бойынша «Бас жүлдені» иеленді.
Аудан басшысы бұл жетістік – білім саласы қызметкерлерінің кәсіби еңбегі мен жүйелі жұмысының нәтижесі екенін атап өтіп, барша ұстаздар мен сала мамандарын құттықтады.
Күн тәртібінде бірінші мәселе бойынша аудан бюджетінің орындалу барысы қаралды. Бюджеттік бағдарламалардың игерілу деңгейі сараланып, қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы, жоспарланған іс-шаралардың уақытылы орындалуы және қаржылық тәртіпті сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Екінші мәселе бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Бағдарлама аясында:
2023–2024 жылдары – 139 жоба қаржыландырылып, 159 жаңа жұмыс орны құрылды;
2025 жылы – 24 жоба іске асырылып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бағытындағы бірқатар жобалар жүзеге асты;
2026 жылдың басынан бері 23 жоба қаржыландырылып, кондитерлік цех, техникалық қызмет көрсету станциясы, баннер өндірісі, банкет залы, кілем жуу қызметі және өзге де кәсіпкерлік жобалар қолға алынуда.
Бүгінгі күні аудан бойынша 30 жоба қаржыландырылып, 6 жоба мақұлданса, 9 жоба қаралу үстінде. Сонымен қатар, ауылдық округтерде бағдарламаға қатысушыларды тарту және тауарлық несие беру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Үшінші мәселе бойынша Чапаев ауылдық округінде тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін беру мәселесі қаралды. Бүгінгі күні Чапаев ауылында 10 329 тұрғын тұрады. Тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 2 436 азамат тіркелген.
Тұрғын үй құрылысына арналған 128 жер учаскесі дайындалып, оларды кезең-кезеңімен беру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдан бастап жер учаскелерін беру рәсімдері жергілікті атқарушы органдардың автоматтандырылған жұмыс орны (АРМ МИО) ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 65 азамат өтініш беріп, оның 21-іне оң шешім шығарылса, 44 азаматтың құжаттары рәсімделу үстінде. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан 48 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылғаны атап өтілді.
Сондай-ақ, Чапаев ауылдық округіндегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-күйі қаралды. Округ аумағында тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, қоғамдық орындар мен көшелерді күтіп ұстау бағытындағы жұмыстарды күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында санитарлық мәдениетті қалыптастыру бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, жиын барысында әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй салу, мал бағымын ұйымдастыру, айыппұл тұрақтарын белгілеу, мал азығын дайындау, елді мекендерді ленталау, көктемгі дала жұмыстарының қорытындылары, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары және жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштердің орындалу барысы қаралды.
Кеңес қорытындысында аудан басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен ауылдық округ әкімдеріне нақты хаттамалық тапсырмалар беріп, белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.