Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысына комиссия мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, денсаулық сақтау саласының мамандары және ата-аналар қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жазғы сауықтыру лагерьлерінің қызметін ұйымдастыру, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ лагерьлердің материалдық-техникалық базасының дайындық деңгейі талқыланды. Жауапты мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттар тыңдалып, тиісті ұсынымдар берілді.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында оқушылар арасында орын алған құқық бұзушылық фактілері бойынша жинақталған іс-құжаттар қаралып, әрбір жағдай жан-жақты талқыланды. Комиссия мүшелері құқық бұзушылықтардың туындау себептері мен оған әсер ететін факторларды саралап, олардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Комиссия мүшелері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар енгізді.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелерге тиісті тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы комиссияның тұрақты бақылауында болатыны атап өтілді.