ҚАРАУСЫЗ МАЛ ИЕСІНЕ ТАЛАП КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

ҚАРАУСЫЗ МАЛ ИЕСІНЕ ТАЛАП КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ
Облыс әкімі Ғ.Есқалиевтың төрағалығымен селекторлық режимде облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі үй жануарларының қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларының алдын алу және бағымсыз жүрген үй жануарларын қамайтын айыппұл тұрағын ашу мәселелері бойынша аудан әкімдерінің есебін тыңдады.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов есеп беріп, өткен жылы аудан орталығы Чапаев ауылында бағымсыз жүрген малдарды қамауға арналған айыппұл тұрағы ашылғандығын баяндады. Тұрақ ашылғаннан бері 153 бас қамалып, 36 мал иесіне ескерту беріліп, 4 мал иесіне айыппұл салынды. Ендігі кезекте Орал – Атырау тас жолы бойында орналасқан Бударин, Жаңабұлақ, Мерген, Ілбішін, Ақсуат, Алмалы, Тайпақ ауылдарында да айыппұл тұрағын ашу қолға алынды. Келер жылы мал далаға шыққанға дейін барлық құжаттары рәсімделіп, пайдалануға беру жоспарлануда.
Суару үшін түс мезгілінде малды ауылға алып келмеу мақсатында өткен жылы Чапаев ауылы тұсында мал бағымы бағытында және биыл Бударин ауылының мал бағымы бағытында құдық соғылды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы қыркүйектен бастап ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, малдарды жаю қағидалары облыстық мәслихат шешімімен бекітілді. Жаңа өзгеріске сәйкес тек абаттандыру талаптарын бұзғанда ғана емес, бағусыз жүрген мал иелерін де жауапкершілікке тартуға заңды негіз пайда болды.
Бұл өзгеріс енгізілгелі 78 тұрғынға хаттама толтырылып, соның 3-уіне 31,9 мың теңге айыппұл салынса, қалғанына ескерту берілді. Бүгінде тұрғындарға Кодекске енгізілген өзгерістер жөнінде және адам өліміне дейін апаратын бағымсыз жүрген малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөнінде түсінік жұмыстары жүргізіліп жатырғандығын айтып өтті.
Аудан аумағында әлі де үй жануарларының жолға шығуы себебінен орын алатын жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Бұл аппаттардан кейбір азаматтар ауыр хәлге түсіп, кей кездері өлім жағдайлары да орын алдуа.
Осыған орай, құрметті аудан тұрғындары, біреудің жауапсыздығынан басқа адамдар зардап шекпеу үшін малдың қараусыз жүрмеуіне көңіл бөлуге және жүргізушілерді жылдамдықты асырмауға шақырамыз.