СТУДЕНТТЕРГЕ САЙЛАУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

СТУДЕНТТЕРГЕ САЙЛАУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

29 қаңтар күні Чапаев ауылындағы Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінде Ақжайық ауданының аумақтық сайлау комиссиясы мен №26 учаскелік сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Жас сайлаушы күні» тақырыбында колледж студенттері үшін интерактивті іс-шара өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты – студенттерді сайлау процесімен таныстыру, болашақта саналы әрі белсенді сайлаушы ретінде қалыптастыру.

Іс-шараны ашқан Ақжайық ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ербол Иманғалиұлы студенттерге Дүниежүзілік сайлау күні туралы қысқаша ақпарат беріп, сайлаудың әрбір азаматқа берілген конституциялық құқық екенін атап өтті. Сондай-ақ, төраға бұл құқықты дұрыс пайдалану үшін сайлау қалай өтетінін және дауыс беру тәртібін білу өте маңызды екенін түсіндірді.

Одан кейін №26 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Мәди Мақсотов студенттерге сайлау учаскесінде қолданылатын барлық құрал-жабдықтармен таныстырып, дауыс беру процесін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Шара соңында қатысушылар «Сайлау туралы не білеміз?» тақырыбындағы сауалнаманың сұрақтарына жауап берді. Белсенді қатысқан студенттерге естелік сыйлықтар табысталды.