Мұғалімдер күні қарсаңында Павлодар облысының педагогикалық қауымдастығы үлкен жетістіктерімен мақтана алады. Ауданымыздың жас педагогы республикалық «Ең үздік сынып жетекшісі» байқауының жеңімпазы атанды. 2-3 қазан күндері өткен байқауды балалардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Ұлттық ғылыми-практикалық «Өркен» институты ұйымдастырды. Байқау елдің үздік сынып жетекшілерін анықтауды ғана емес, сонымен қатар олардың шығармашылық көзқарасын, инновациялық әдістерін және кәсіби шеберліктерін көрсетуді мақсат етті.
Байқаудың бас жүлдесін Май ауданы Мукашев атындағы орта мектептің ұстазы Жанабек Ғаламат Ғалымжанұлы жеңіп алды. Оның ерекше тәсілі мен тәрбие жұмысына деген терең қызығушылығы қазылар алқасын тәнті етті.
Бұл байқау педагогикалық шеберліктің жоғары деңгейін, жетілдіруге деген ұмтылысты және шабыттандыру қабілетін айқын көрсеткен маңызды шара болды. Іс-шараның басты мақсаты – сынып жетекшілерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру және олардың шығармашылық әлеуетін ашу – сәтті жүзеге асты.
Жеңімпазымызды құттықтаймыз және жетістіктерімен мақтанамыз! Бұл табыс жаңа кәсіби белестердің бастауы болсын!