
✅️ Шабыт пен мамандыққа, үлкен қызығушылыққа толы еліміздің бас қаласы Астанада «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» жас мұғалімдердің екінші республикалық форумы өтті. Биылғы «Жас ұстаз – 2023» бағдарламасының басты ерекшелігі – сұранысқа ие ауылда еңбек етіп жүрген 200-ге жуық табысты жас ұстаз бас қосты. Олардың барлығы ауылдық білім берудің әлеуетін дамыту аясындағы жобаға қатысып жатқан тірек мектептерде жұмыс істейді. Осы жоба аясында 2023-2024 оқу жылында Т.Жароков атындағы ЖОББМ КММ еніп, заманауи жабдықтармен мектеп түгелімен қамтылатын болады. Аталмыш форумға мектебіміздің жас ұстаздары Меңдібек Сырымов пен Жарқын Халияров қатысып келген болатын-ды.
2️⃣ Екі күнге созылған форумда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «Галстуксіз кездесу» атты жастармен сыр-сұхбаты, одан басқа спикерлер Forbes-50 Қазақстан тізіміне енген, табысты «Aitas KZ» холдингінің бас директоры Серік Толықпаев, жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, азия жасөспірімдер паралимпиада ойындарының алғашқы жүлдегері Азамат Оразбек, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полицейлер арасында бокстан әлем чемпионы, балаларға арналған бокс секциясының жетекшісі Мұхит Амантаев, «Qazagstan Team» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов, «MBIONICS» компаниясының негізін қалаушы, өнертапқыш ғалым Мәулен Бектұрғановтар жас ұстаздар қауымымен драйв, сенім және лайықты идеяларымен бөлісіп, жастардың қойған сұрағына тұшымды жауаптар қайтарылды.
🔸️ Форумда педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері қазіргі кәсіби басымдықтар – тиімді жоспарлау, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, эмоционалды интеллектті дамыту, мұғалім жұмысындағы зерттеулер, оқытудағы саралау мен бағалауларға – арналған тақырыптық алаңдар, шеберлік сағаттарын өткізіп, «Болашақ мектеп жобаларын таныстыру» педагогикалық квест-ойынын ұйымдастырды. Жас ұстаздар түрлі басымдықтарға сәйкес (таңдау еркіндігі, ғылыми зерттеу, жобалық жұмыс, жоғары білім стандарттары, ойнап үйрену, инклюзия ортасын құру) 14 командаға бөлініп, алғашқы күні педагогтер әлемнің инновациялық мектептерімен (Ыбырай Алтынсариннің «Қара шаңырақ» мектебі, Саммерхилл, Монтессорри, Вальдорф пен «Дальтон-план» мектептері) танысты. Аталмыш мектептердің артықшылықтары мен кемшіліктері, қағидалары жөнінде орталықтың тренерлері сегіз аймақ пункттерінде айтып, келесі күні командалар тиісті критерийлер (мектеп моделі мен орналасқан жері, басты құндылықтары, бюджет) мен стейкхолдерлердің талаптарына сәйкес өз болашақ мектептерінің манифестін жасады. Педагогикалық квесттің үздік мектеп жобалары дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды. Жеңімпаздар қатарына «Таңдау» (А командасы), «Әл-Фараби» (L командасы) және «Алаш» (К командасы) мектептері кірді. Командалардың барлық қатысушылары педагогикалық шеберлік орталығының өзекті вебинарларына тегін сертификаттары мен марапатталды.
🔹️ Форум финалының леп белгісін «Сәттілікке ие бол» бірегей лотереясы қойды. Бірегейлігі сол, барлық жеңімпаздарға Педагогикалық шеберлік орталығынан вебинарларға сертификаттар мен еліміздің барлық мұғалімдері армандайтын Lesson box қорапшасы табыс етілді.
🎤🎙 MUZ Time шарасында паралимпиадашы Азамат Оразбек делегаттарға әннен шашу шашып, форум жоғары деңгейде өтіп, аяқталды.
♦️ Осы форумға қатысқан әріптестеріміз өздерін белсенді көрсетіп, ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасып, идея мен мотивацияға толы үлкен әсермен оралды. Алдағы уақытта әріптестерімізге сәттілік тілейміз!
Нағыз сәттілік – «Жас ұстазға» қатысу!