Республика жүлдегерлері қабылданды

Республика жүлдегерлері қабылданды

Республика күні мерекесі қарсаңында Сырым ауданының білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов маусым айында Алматы қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасының 5–6 сынып оқушылары арасындағы тоғызқұмалақтан республикалық жарыста жүлделі ІІ орын иеленген Абай «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің командасын қабылдап, жеңімпаз оқушылар мен жетекшісі Дарын Құлтайұлына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.

      Жаттықтырушы Төрегалиев Дарын Құлтайұлы — тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін  жеңімпазы әрі жүлдегері. 2022 жылы Сырым ауданының «Үздік жаттықтырушысы» атанған ол бүгінде жас спортшыларды ұлттық ойынға баулып, жоғары нәтижелерге жетелеуде.

Абай мектебінің оқушылары — Мақсұт Баян, Біржан Әмірхан, Жолдыбай Нұрәли және Ержан Гүлжайна — тоғызқұмалақтан өткен түрлі деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, облыстық және аудандық турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы мен жүлдегері. Ұлттық мектеп лигасында олар    Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап, ІІ орынды иеленді.

     Қабылдау барысында Әкежан Әлібекұлы ұлттық ойындарды дәріптеп, жас буынды зияткерлік бағытта тәрбиелеудегі жаттықтырушы мен шәкірттердің еңбегін ерекше атап өтті.

    «Шәкірттеріңіздің республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуі — ұстаздық еңбегіңіздің, кәсіби шеберлігіңіздің және ұлттық құндылықтарға деген адал көзқарасыңыздың айғағы. Ұлттық ойынды дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойына табандылық пен намыс ұялатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін» , — деді білім беру бөлімінің басшысы.