СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ МЕКТЕБІНДЕ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА «4P МОДЕЛІ» ҰСЫНЫЛДЫ
Семей қаласында Ы. Алтынсарин атындағы №37 гимназияның директоры Жанат Малгаждарова білім беру саласын дамытуға бағытталған «4P моделін» ұсынды. Бұл модель педагогика, партнерлік, практика және прогресс ұғымдарын біріктіре отырып, заманауи мектептің қажеттіліктеріне жауап беруді және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.
💬Жанат Малгаждарованың айтуынша, қазіргі мектептер алдында дәстүрлі әдістерді жетілдіріп, жаңашылдықты жүйелі түрде енгізу міндеті тұр. Осы мақсатта ұсынылған 4P моделі бірінші кезекте педагогтерді қолдау мен олардың әлеуетін ашуға басымдық береді. «Жас мамандар академиясы» жобасы жас мұғалімдерді кәсіби дамытуға ерекше ықпал етті. Жоба аясында тренингтер, шеберлік сыныптары мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, жас педагогтер мектептің негізгі қозғаушы күшіне айналды.
Сондай-ақ мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайту 4P моделінің маңызды бөлігі ретінде ерекшеленді. «Қоғамға қызмет» жобасы аясында оқушылар өз көшбасшылық қабілеттерін дамытып, мектептің инфрақұрылымын жақсартуға белсенді үлес қосты. Олар мектеп ауласын көркейту бойынша жоба әзірлеп, демеушілерді тартып, 7 млн теңге көлеміндегі қаражатқа мектептің жиын залын заманауи талаптарға сай жабдықталды.
🔗Модельдің тағы бір ерекшелігі – практикаға басымдық беру. Оқу үдерісін ашық әрі тиімді ету мақсатында Telegram бот іске қосылды. Бұл құрал мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетіп, мектеп жұмысын барынша айқын әрі қолжетімді етті.
✔️Модельдің соңғы кезеңі нәтижелерге бағытталған. Жүйелі жұмыстардың арқасында гимназия оқушылары республикалық олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, шығармашылық жобалары арқылы мектеп өміріне жаңа серпін әкелді.
Педагог алдағы уақытта 4P Telegram BOT жұмысына жаңа бөлімдер қосып, білім беру процесін тиімді етпек. Оқушылардың білім сапасын арттыру үшін әлеуметтік жобалар аясында қосымша кабинеттер ашуды да жоспарлап отыр. Сондай-ақ жобаны басқа мектептерге таратып, білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер ұсыну ойы да бар.