КӘСІБИ БАҒДАР: ТИІМДІ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫНА ЖОЛ

КӘСІБИ БАҒДАР: ТИІМДІ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫНА ЖОЛ

2025 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Тиімді кәсіби бағдар беру – жас ұрпақтың болашағына жол» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты – жас буынды мемлекеттік қызметтің мәні мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, олардың болашақ мамандық таңдаудағы саналы шешім қабылдауына ықпал ету.
Кездесуге облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептердің көшбасшы оқушылары мен өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері қатысты. Департамент басшысы Мұрат Байсалов жастардың болашақ мамандықты мектеп қабырғасынан бастап ойластырып, сол бағытта дамуға ұмтылуы – сенімді қадамдар жасауға және табысты болашаққа қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ жастарға қолдау көрсетуде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы түсінік берді.
Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин қазіргі мектеп белсенділері мен көшбасшы оқушылардың болашақта мемлекеттік қызметке келіп, жақсы істердің бастаушысы болатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында облыстық Өңірлік кадр резервінің мүшесі, Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов мемлекеттік қызметке келудегі және кадрлық резерв құрамына қабылданудағы өз тәжірибесімен бөлісті. Оқушылар да өз пікірлерін білдірді. №33 мектептің оқушысы, мектеп омбудсмені Милана Айсағали және Эстетикалық бағыттағы гимназияның оқушысы, мектеп медиаторы Марат Есенов мектептегі жобаларға белсенді қатысу болашақ мамандықтарын ерікті түрде таңдауға ықпал еткенін айтып, өз ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында оқушылар мен департамент басшысы арасында ашық диалог ұйымдастырылып, оқушылар мемлекеттік қызмет саласына қатысты сұрақтарына жауап алды. Іс-шара жас буынның мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауға бағытталған маңызды қадам болды.