Қайсар: №47 мектеп үздік бестік қатарында

Қайсар: №47 мектеп үздік бестік қатарында

Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 мектеп оқушылары республикалық «Қайсар» жарысында үздік бестіктен көрінді.

Республикалық «Қайсар» әскери-патриоттық жарысы 2-3 мамыр күндері Қарағанды облысы Спасск әскери полигонында өтті. «Аманат» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 20 үздік команда қатысты. Сайыс барысында қатысушылар оқ ату, әскери эстафета, автоматты бөлшектеп-жинау, зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмалар арқылы өз білімдері мен шеберліктерін сынады. Биылғы жарыстың ерекшелігі – ұлттық спорт түрлері мен цифрлық пәндердің енгізілуі болды.

Ойын қорытындысында өңір намысын қорғаған Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектебі командасы жалпы есепте IV орын иеленсе, жекелей сында жүлделі орындарды қанжығалады. Атап айтқанда, «АК-74 автоматын бөлшектеп, жинау» бойынша Еділ Файзолла – бірінші орын, Есболат Қарасын – үшінші орын иеленді. Ал садақ атудан Ералхан Еркебұлан  – үшінші орын, командалық геотактикалық ойында – үшінші орын алды. Сонымен қатар, Еділ Файзолла барлық қатысушылар ішінен үздік нәтиже көрсетіп, «Рухты Сарбаз» арнайы номинациясын және 100 000 теңгелік сертификатқа ие болды.

Сонымен қатар Еділ Файзолла жарыстың ең үздік қатысушысы атанып, «Рухты Сарбаз» арнайы номинациясы мен 100 000 теңгелік сертификатқа ие болды.

Бұл жарыс жас ұландар үшін тек бәсеке емес, нағыз патриотизм мен рухтың сыналар алаңы болды. Қатысушылар өздерінің білімдері мен физикалық дайындықтарын көрсетіп қана қоймай, Отанға деген сүйіспеншіліктерін де паш етті.