Орал қаласының тұрғыны ардагер ұстаз, тыл еңбеккері Хисмет Нұғманов 95 жасқа келді. 5 мамыр күні қалалық мәслихат хатшысы Есентай Қалиев, білім бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова және қалалық мәслихат депутаты, №42 “Ақ ниет” гимназиясы директоры Азима Ғұбашева ардагердің шаңырағына арнайы барып, ілтипаттарын білдірді.
Хисмет Нұғманов – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тумасы. Жеті жылдық мектепті аяқтап, педагогикалық училищеде білім алған ол еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда тынымсыз еңбек еткен ардагер соғыстан кейінгі жылдары Жаңақала мен Казталов аудандарында білім беру саласында қызмет атқарып, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі.
Сұхбат барысында меймандар ардагерге ақ тілектерін айтып, еңбек жылдарындағы тәжірибесі, білім мен тәрбие жолындағы адал еңбегі жас буын үшін өнеге болатынын, осы ретте ұлағатты ұстаздың саладағы жас мамандарға тәлімгерлік сағат өткізуінің мәні зор екенін жеткізді.
Қонақтарға ақ батасын берген ұстаз көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, елдің амандығын, келер ұрпақтың кемел болашағын тіледі.