Орал қаласының білім бөліміне жаңа басшы тағайындалды

Орал қаласының білім бөліміне жаңа басшы тағайындалды

Конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша БҚО Білім басқармасының бұйрығымен Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы лауазымына Қайржанова Әлия Зұлқарнайқызы тағайындалды. Бүгін БҚО Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин жаңа басшыны ұжымға және қалалық білім беру ұйымдары басшыларына таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Қайыржанова Әлия Зұлқарнайқызы – жоғары білімді, магистр.

2004 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «шетел тілі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Жалпы еңбек өтілі – 20 жыл.  

 2004-2009 жылдары – Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық орта мектебінің мұғалімі;

2009-2014 жылдары – Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық орта мектебі директорының орынбасары;

2014-2015 жылдары – БҚО Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі;

2015-2017 жылдары – Дарынды балаларға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектеп директорының орынбасары;

2017-2018 жылдары – Орал қаласы №44 мектеп-гимназиясының мұғалімі;

2018 жылдан бастап Эстетикалық бағыттағы гимназияның директоры лауазымын абыройлы атқарып, білім саласын дамыту және білім ұйымының брендін қалыптастыруда жобаларды сәтті жүзеге асыруға бастамашы болды.

Бөлім ұжымымен және білім ұйымдары басшыларымен жиын кезінде Елдос Нәбиоллаұлы жаңа басшыға саланы дамытудағы басым бағыттарды, кадр әлеуетін нығайту, инфрақұрылымды жақсарту және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша міндеттерді назарда ұстауды тапсырды. Әлия Зұлқарнайқызы сенім білдірген Білім басқармасы басшылығына алғыс білдіріп, білімі мен тәжірибесін Орал қаласының білім беру жүйесін дамытуға арнайтынын жеткізді.