2025 жылы наурыз айында басталған SDU University ұйымдастырған «SDU Law Olympiad 2025» Республикалық құқықтық олимпиадасы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 11-сынып оқушыларының құқық саласына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды білім сайысы болды. Олимпиада екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар өздері туралы бейнеролик түсіріп, «Неліктен мен SDU университетінде оқығым келеді?» тақырыбында эссе жазды. Бұл кезеңге 400-ден астам оқушы қатысып, олардың ішінен үздік 54 финалист іріктелді. Орал қаласындағы Эстетикалық бағыттағы гимназияның 11 сынып оқушысы Марат Есенов бірінші кезеңде 94 балл жинап, финалға жолдама алғандардың қатарында болды
2025 жылғы 24 сәуірде SDU университетінде өткен екінші кезеңде финалистерге «Буллинг (қорлау): балалар арасындағы агрессия және оның құқықтық салдары» тақырыбында 700 сөзден тұратын эссе жазу тапсырылды. Марат өз эссесінде Қазақстан Республикасының білім беру және бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаларын жан-жақты талдап, мектептегі құқықтық медиациядағы жеке тәжірибесін ұтымды қолданды. Сонымен қатар ол «Буллингтің алдын алу» тақырыбында ғылыми жобасын сәтті қорғап, облыстық ғылыми жобалар конкурсында І орынды иеленген болатын.
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша Марат Есенов I орын алып, SDU университетінде «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша 100% оқу грантына ие болды. Бұл жеңіс – оның құқық саласындағы терең білімін, шығармашылық қабілетін және қоғамдық мәселелерге деген белсенді көзқарасын көрсетеді.
Мараттың бұл жетістігі – Орал қаласының білім беру жүйесінің сапасын және оқушылардың жоғары деңгейдегі дайындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол болашақта халықаралық құқық саласында еліміздің атын шығаратын білікті маман боларына сенім мол.