2025 жылдың 23 сәуір күні Орал қаласындағы «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының базасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты патриоттық байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға қала мектептерінің оқушылары мен педагогтері белсене қатысып, соғыс жылдарындағы ерен ерлік пен ұмытылмас оқиғаларды дәріптейтін көріністер мен жобаларды ұсынды.
Байқаудың басты мақсаты – Ұлы Отан соғысында жанын пида еткен батырлар рухына тағзым ете отырып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік пен тарихи сананы қалыптастыру. Сондай-ақ, жастарды елінің өткеніне құрметпен қарап, бейбітшілікті бағалай білуге тәрбиелеу көзделді.
Байқау аясында «Менің ауылым – соғыс жылдарында», «Жеңіс вальсі» театрландырылған көрінісі, «Ұмытылмас ерлік, өшпес даңқ» тақырыбында зерттеу жобаларының презентациясы және «Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет» номинациялары бойынша оқушылар өз өнері мен білімін ортаға салды. Қатысушылар шығармашылық қабілеттері мен зерттеушілік дағдыларын танытып, сахнада тарихи оқиғаларды әсерлі жеткізе білді.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен ұштастыра отырып, орталық аумағына ағаштар отырғызылып, «Жеңіс аллеясы» салтанатты түрде ашылды. Бұл аллея — бейбіт өміріміздің символы және ұрпақтар сабақтастығының белгісі болмақ.
Байқау қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қадыр Мырза Әли атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектебі І орынға ие болды. ІІ орынды №42 «Ақниет» гимназиясы, ал ІІІ орынды №45 жалпы орта білім беретін мектебі иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдармен марапатталды.
«Желбіре, Жеңіс жалауы!» байқауы – тек шығармашылық жарыс қана емес, ұлт тарихын тануға, ерлікке тағзым етуге бағытталған тағылымы мол іс-шара болды. Осындай жобалар арқылы жас ұрпақ елін сүйетін, тарихын құрметтейтін тұлға ретінде қалыптасатыны сөзсіз.