«КІТАП – ҒАЖАЙЫП ДОС» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ КВЕСТ-ВИКТОРИНА

«КІТАП – ҒАЖАЙЫП ДОС» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ КВЕСТ-ВИКТОРИНА

Ұлттық кітап күні аясында оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, рухани дамуын және сауаттылығын насихаттау мақсатында ашық кітап көрмелері, жазушылар мен ақындармен кездесулер, оқу сағаттары мен буккроссинг акциялары ұйымдастырылуда. 

«Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында «Өрлеу» желілік қауымдастығы кітапханашыларының бастамасымен №24 жалпы орта білім беретін мектеп базасында «Кітап – ғажайып дос» атты танымдық квест-викторина өтті.

Іс-шараға қаладағы №3, 6, 9, 13, 17, 20, 21, 24, 35 мектептері мен ВБМГ оқушылары қатысты. Бұл шара оқушыларға өз интеллекті мен эрудициясын, әдебиетке деген сүйіспеншілігін танытуға мүмкіндік берді. Квест барысында қатысушылар қызығушылықпен түрлі тапсырмаларды орындады: жұмбақтар шешіп, ертегі кейіпкерлері туралы сұрақтарға жауап беріп, иллюстрациялар арқылы қазақ және орыс халық ертегілерін таныды. Бұл ойын оқушылардың білімін ғана емес, командалық рухын, өзара қолдауды және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Шараның екінші бөлімінде оқушылар өздерінің сүйікті кітаптары туралы әңгімелеп, қатарластарына кітап оқуға деген шабыт сыйлады. Квесттің қорытынды кезеңінде шығармашылық нөмірлер ұсынылды. №21 мектептің музыка пәні мұғалімі Гүлнар Ажғалиеваның жетекшілігіндегі «Жас ұлан» би ұжымы «Ғажайып кітап» биін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. №24 мектеп оқушылары да Оксана Гузьдің жетекшілігімен қазақтың халық биі «Қара жорғамен» қонақтарды тәнті етті.

Іс-шара аясында «Алтын қазына – кітап» атты тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, халық ертегілері мен қазіргі жастар арасында танымал кітаптар ұсынылды.

Мереке соңында барлық қатысушылар естелік дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.