
Орал қаласында білім беру саласы қызметкерлері жаңа Конституция жобасын талқылауға белсенді қатысуда. 5 ақпан күні «Мемлекеттік, банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сүлеймен Серік Кенжебекұлы мен БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева сала өкілдерімен кездесіп, Конституция жобасының басты ерекшеліктері мен өзгерістерін таныстырды. Спикерлер жаңа Конституция жобасының елдің саяси жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға бағытталғанын ерекше атап өтті. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудағы жаңа принциптерді енгізу, сондай-ақ қоғамдық даму мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қолдау көрсету мақсаттары айқын көрініс тапты. Жиында тіл мәселелері, мемлекеттік рәміздерге құрмет, Конституция жобасының жаңа редакциясының айрықша ерекшеліктері талқыланды. Спикерлер адам құқықтарының Конституцияда ерекше басымдыққа ие екенін, бұл арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды екендігін атап өтті. Конституция мазмұнын заманауи тұрғыда қайта қараудың қажеттілігі де ерекше айтылды. Жаңа редакцияда преамбуламен қатар 11 бөлім және 95 баптың бекітілуі ұсынылып отыр. Сөз алғандар Қазақстанның әрбір азаматын осы өзгерістерге белсенді түрде қатысуға шақырды. Ұсыныстар мен пікірлер қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатқанын еске салып, азаматтарды пікір білдіруге шақырды.