
23 қаңтар күні қалада жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух пен азаматтық жауапкершілікті сіңіруді мақсат еткен ауқымды әскери-патриоттық форум өтті. «Әскери рух – ел қорғаны» тақырыбында А.Байтұрсынов атындағы №10 мектеп базасында ұйымдастырылған шараға қала мектептерінен 800 оқушы оффлайн форматта қатысса, 52 мектептің оқушылары онлайн режимде қосылды.
Форумның негізгі мақсаты – ҚР Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» идеологиясын насихаттау, сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жоғары сынып оқушыларының құқықтық мәдениетін арттыру, әскери-патриоттық сана-сезімін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілігін күшейту. Бұл – ел болашағы саналатын жастарды тәртіпке, заңға құрметпен қарауға, Отан алдындағы борышты сезінуге тәрбиелеудің нақты қадамы.
Форум аясында БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен төтенше жағдайларда қолданылатын арнайы техникалар көрмесі өтті. Қатысушыларға заманауи құтқару құралдары таныстырылып, олардың қызмет ету ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар қала мектептеріндегі «Жас сақшы», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» клубтарының саптық дайындық көрсетілімдері ұйымдастырылып, жас өрендердің тәртібі мен дайындығы көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Форум жұмысын қала әкімінің орынбасары А.Зиннатұлы ашып, жас ұландарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында саналы, білімді әрі жауапты азамат тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Орал қаласының прокуроры М.Изимов пен облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі М.Мұқанов сөз сөйлеп, форумның жасөспірімдерге құқықтық білім беру мен әскери қызметке қызығушылығын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Шара барысында әскери-патриоттық тәрбие бағыты бойынша халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқауларға белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар облыс әкімі атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Форум барысында қалалық мәслихат депутаты, №42 «Ақниет» гимназиясының директоры А.Губашева, Полиция басқармасы Шаған полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры М.Утепова, Орал қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры А.Амангелді, Орал қаласы ТЖБ азаматтық қорғау капитаны А.Хайруллин, сондай-ақ Серебряков мектебінің түлегі, Ақтөбе қаласындағы Т.Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтының ІІІ курс курсанты А.Бахыткерей өз ойларымен бөлісіп, жастарға тағылымды кеңестерін айтты.
Форумда әскери-патриоттық тәрбие мен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жандандыру мақсатында білім беру бөлімі мен әскери және қорғаныс құрылымдары арасында ынтымақтастық келісімдер жасалды. Атап айтқанда, білім беру бөлімі БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен, Орал қаласы Төтенше жағдайлар департаментімен, Орал қаласындағы 99250 әскери бөлімімен, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің БҚО бойынша департаментімен және ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімімен ресми келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер алдағы уақытта бірлескен іс-шаралар мен жүйелі жұмыстарға жол ашпақ.