Жас дарынды қабылдады

Жас дарынды қабылдады

2026 жылғы 14 қаңтар күні Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Алия Кайржанова жас дарын Бекарыс Дайрабиді және оның жетекшісі, ақын Ертай Бимұхановты қабылдады. Кездесу ұлттық өнерге құштар жас өреннің жетістігін бағалап, еңбегін қолдауға бағытталды.

Бекарыс Дайраби – Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы. Жас та болса, сөз өнерінің сырын терең сезініп, айтыс пен поэзияға ерекше ынта қойған Бекарыс республикалық деңгейде өзінің дарынын дәлелдеп үлгерді. Ол «Қола домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысында Есенқұл Жақыпбек атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанса, «Мен елімді жырлаймын!» атты республикалық оқушылар айтысында алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар «Мың бала» зияткерлік орталығы ұйымдастырған «Ілияс оқулары» байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қабылдау барысында ұстазы Ертай Сағындықұлы шәкіртінің шығармашылығы мен тұлғалық болмысы жайлы әңгімеледі. Бекарыс тек айтыс өнерімен ғана емес, білімге деген жауапкершілігімен де ерекшеленеді. Оқу үздігі, спортты серік еткен, кітап оқуды күнделікті дағдысына айналдырған ізденімпаз оқушы.

Шәкіртінің жетістіктеріне тоқталған ұстазы Бекарыстың табиғи таланты, тапқырлығы мен сахна мәдениеті жыл өткен сайын айқын қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Жас ақынның бойындағы қабілетті ұштау, ұлттық өнерге деген құрметті тереңдету – үздіксіз еңбектің, жүйелі тәрбиенің және сенімді серіктестіктің нәтижесі екеінн жеткізді.

Кездесу барысында Алия Зұлқарнайқызы дарынды ұланның болашағына зор сенім білдіріп, шығармашылық жолында табандылық пен биік мақсат тіледі. Ұлттық өнерді ұлықтайтын жас өрендердің ел руханиятына қосар үлесі қомақты болатынын атап өтті. Кездесу соңында Бекарыс Дайрабиге алғыс хат пен кітап табыс етілді.

Сонымен қатар жас дарынды ұлттық өнерге баулып, шығармашылық жолда бағыт-бағдар беріп жүрген ұстазы Ертай Бимұхановқа  құрмет грамотасы табыс етілді.