
2025 жылдың 3–4 желтоқсан күндері Орал қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша 7–8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі өтті. Олимпиада жүлдегерлері 8 желтоқсан күні ұйымдастырылған салтанатты шарада марапатталды.
Зияткерлік білім сайысына қаланың 57 мектебінен 1458 оқушы қатысты. Олимпиада қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша пәндер (Қазақстан тарихы, Қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Орыс тілі мен әдебиеті, Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, Ағылшын тілі), Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша пәндер (Математика, Информатика, География, Физика, Химия, Биология) бойынша өтті.
Олимпиаданың басты мақсаты – оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту, ғылыми білімге қызығушылығын арттыру, қабілетті, дарынды оқушыларды анықтау және оларды келесі кезеңдерге жүйелі дайындау. Сонымен қатар дарындылармен жұмыс жүргізудің тиімді тетіктерін қалыптастырып, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға қолдау көрсету көзделді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша 646 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде:
- І орын – 38 оқушы;
- ІІ орын – 222 оқушы;
- ІІІ орын – 386 оқушы.
Салтанатты марапаттау рәсіміне қатысқан Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Алия Қайржанова жас дарын иелерін шын жүректен құттықтап, олардың білім жолындағы ізденістеріне табыс тіледі. Өз сөзінде дарынды оқушылардың бүгінгі жетістіктері – болашақ үлкен табыстардың берік іргетасы екенін атап өтіп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел игілігіне еңбек ететініне зор сенім білдірді.
Олимпиада жеңімпаздары ендігі кезекте облыстық кезеңде бақ сынап, Орал қаласының абыройын қорғайтын болады.