
«Үздік сынып жетекші» байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Байқаудың басты мақсаты – жалпы орта білім беру ұйымдарында педагогтардың тәрбие саласындағы кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық әлеуетін қолдау, жаңашыл идеяларын насихаттау және сынып жетекшісі қызметінің әлеуметтік мәртебесін арттыру.
Қалалық кезеңге мектептердің желілік қауымдастық деңгейіндегі іріктеуден өткен 12 сынып жетекшісі жолдама алып, өзара тәжірибе алмасу мен кәсіби бәсекеде бақтарын сынады.
Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылардың электрондық портфолиолары, сынып сағаттарының бейнетүсірілімдері және «Мен үшін сынып жетекшілік – бұл...» тақырыбындағы эсселері сараланып, кәсіби талаптар негізінде бағаланды.
Байқаудың екінші күні нағыз шығармашылық пен тың идеялар тоғысқан сәтке айналды. «Шабыт шеберханасы» кезеңінде үміткерлер еркін тақырыпта тәрбиелік мәні зор авторлық жұмыстарын таныстырды. Ән, өлең, сахналық қойылым, жобалық жұмыс – бәрі де ұстаз жүрегінің жылуын, шығармашылық шабытын көрсетті.
Ал «Бір бағыт, бір мақсат: бала болашағы үшін» кезеңінде ұстаздар ата-анамен өзара ынтымақтастықты арттыруға бағытталған бағдарламаларын, серіктестік жобаларын ұсынып, тәрбиенің үштағанын – мектеп, ата-ана, бала байланысын нығайтуға қосқан үлестерін дәлелдеді.
Байқау қатысушылары әр кезеңде өзінің кәсіби білігін, жетекші ретінде тұлғалық болмысын таныта білді. Әр баланың жан дүниесіне үңіле алатын рухани жетекшілер екенін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер қалалық білім беру бөлімінің дипломымен марапатталды:
І орынды Б.Момышұлы атындағы №46 мектеп мұғалімі Гүлдария Сапарова иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.
ІІ орын – №45 мектеп мұғалімі Мирас Шияпов пен №21 мектеп мұғалімі Гүлжан Ғинаятова.
ІІІ орын – №19 мектеп мұғалімі Альбина Аралтаева, №14 мектеп мұғалімі Сағида Айдашова, М.Мәметова атындағы №27 лицей мұғалімі Баян Ғаппарова.
Сонымен қатар қазылар алқасының шешімімен байқау барысында белсенділік танытқан қатысушыларға арнаулы номинациялар табысталды.