2025 жылдың 6 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында инклюзивті білім беру жүйесінде арнайы мамандарды кәсіби қолдауды тиімді ұйымдастыруға арналған аудандық семинар-практикум өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы — “Ащысай мектеп-бөбекжай-балабақшасы” кешені.
Семинардың басты мақсаты — білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді дамыту, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру және тәжірибе алмасу. Шараға ауданның білім беру ұйымдарының қызметкерлері, дефектологтер, логопедтер, психологтар және педагог-ассистенттер қатысты.
Семинар бағдарламасына арнайы мамандардың тәжірибесімен бөлісу, тренингтер мен әдістемелік ұсыныстар енгізілді. Психолог Абишева Айгүл Тельманқызы жүргізген «Танысудан-ынтымаққа» және «Сезін, қозғал, түсін» атты тренингтер қатысушылардың жоғары бағасын алды. Сонымен қатар дефектолог Темиргалиева Светлана Ашхатовна мен педагог-ассистент Түймешова Акмарал Сейілхановна ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен қарым-қатынас орнатудың тиімді әдістерімен бөлісті.
Логопед Джармагамбетова Айзада Серікқызы түзете-дамыту сабақтарында қолданылатын заманауи тәсілдерді таныстырса, дефектолог Зейн Айзада Амангелдіқызы инклюзивті білім беру жүйесіндегі мамандардың рөлін тереңінен ашып көрсетті.
Семинар қорытындысында қатысушылар QR-код арқылы кері байланыс жасап, іс-шарадан алған әсерлері мен ұсыныстарын білдірді. Бұл семинар инклюзивті білім беру саласын дамыту жолындағы маңызды қадам болды.