«ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

«ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Измуханова Улмекен Ашхатовна білім саласында жеткен зор жетістіктері үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат ұстаздың педагогикалық қызметке қосқан өлшеусіз үлесін мойындау және оның еліміздің білім жүйесін дамытуға сіңірген еңбегінің айқын дәлелі болып табылады.
Измуханова Улмекен Ашхатовна 1965 жылы 1 шілдеде Орал қаласы Бөрлі ауданы Березовка ауылында дүниеге келген.
1982 жылы Жамбыл облысы Талас ауданының Уюк орта мектебін бітірді.
1983-1988 жылдары "Құрмет Белгісі" орденді А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институттың филология факультетінде оқыды.
Еңбек жолын 1988 жылы Орал облысы Шыңғырлау ауданы Жаңақүш орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2004-2007 жылдары осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Л. Қылышев атындағы жалпы білім беретін мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 2020 жылдан бері Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері болып қызмет атқарады. 2020 жылы берілген "педагог-шебер" жоғары біліктілік санатына ие.
Білім беру саласындағы жемісті жұмысы үшін Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (2011 жыл), облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен (2023 жыл) марапатталған.
Ол – өз ісінің шебері, оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салған ұстаз. Оның көпжылдық еңбегі мен педагогикалық шеберлігі тек мектеп қауымдастығы арасында ғана емес, аудандық және облыстық деңгейлерде де жоғары бағалануда.
Измуханова Улмекен Ашхатовна орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, оларға тіл мәдениеті мен әдебиеттің бай мұрасын сіңіруге ерекше мән береді. Ол білім беру үдерісін заманауи әдіс-тәсілдермен байытып, оқушыларға өзіндік көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі – білім беру саласындағы елеулі еңбегі үшін берілетін ең беделді марапаттардың бірі. Бұл атаулы төсбелгі педагогтардың жаңашылдыққа ұмтылысы мен озық тәжірибесін мойындайтын жоғары марапат болып табылады. Улмекен Ашхатовнаның осындай марапатқа ие болуы оның білім саласындағы қажырлы еңбегінің айқын дәлелі.
Ұстаз жолы – ұлы жол, ал Измуханова Улмекен Ашхатовна сол жолда жүрген нағыз кәсіби маманның үлгісі.