АУДАНАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ – БІЛІМДЕГІ ТРАНСФОРМАЦИЯ БАСТАУЫ

АУДАНАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ – БІЛІМДЕГІ ТРАНСФОРМАЦИЯ БАСТАУЫ
6 сәуір күні Шыңғырлау ауданының А.Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің базасында облыстық «Batys TeachNET» жобасының V кезеңі өтті. Іс-шараға Шыңғырлау және Сырым аудандарының педагогтері қатысып, кәсіби ынтымақтастықты кеңейту, өзара тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру мақсатында бас қосты.
Бағдарлама аясында ұйымдастырылған ашық сабақтар панорамасы ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін айқын көрсетті. Сабақтарда заманауи әдіс-тәсілдер тиімді қолданылып, оқушылардың сыни ойлау дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Сырым ауданы Жырақұдық жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімдері түрлі пәндер бойынша мазмұнды сабақтар өткізді. Физика пәнінің мұғалімі М.Ж. Уалиева «Жазық айнадағы кескінді зерттеу» тақырыбында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.М. Абилкасимова «Қазақтың батыр қыздары. Қыстырма сөздердің қолданылуы» тақырыбында, математика пәнінің мұғалімі Г.М. Оразгалиева «Санның пайызын және пайызы бойынша санды табу» тақырыбында, тарих пәнінің мұғалімі Қ.У. Абилкасимов «Тәуекел хан тұсындағы Қазақ хандығының оңтүстік шекараларының нығаюы» тақырыбында, ал орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.А. Даулеткалиева К.Г. Паустовскийдің «Старый повар» шығармасы бойынша сабақ өткізді.
Іс-шара барысында мектеп психологі А.М. Сәлімов «1 минут – 1 ой» атты көңілді қоңырау айдарын ұйымдастырып, қатысушыларға жағымды көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, «Табысты сабақ» алаңында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді талқылады. Ал «ЖОБАLAB» идеялар көрмесінде А.Тихоненко атындағы мектептің білім мен тәрбиені ұштастырған тың жобалары таныстырылды.
Педагогикалық шеберлік лабораториясында «Құндылыққа бағытталған білім беру: мұғалім тәжірибесіндегі тиімді әдістер» тақырыбы аясында Сырым ауданы Жырақұдық ЖОББМ мұғалімдері А.Ғ. Бергалиева, А.Б. Оңғарбай және Э.Р. Ажбаева өз тәжірибелерімен бөлісіп, құндылыққа негізделген білім берудің практикалық маңызын атап өтті.
Жоба барысында педагогтер арасында кәсіби диалог қалыптасып, тәжірибе алмасу мәдениеті нығая түсті. Қатысушылар білім беру үдерісіне жаңашыл идеяларды енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Batys TeachNET» жобасы педагогтердің үздіксіз дамуына, шығармашылық ізденісіне және кәсіби серіктестіктің артуына ықпал ететін маңызды алаңға айналып отыр. Бұл бастама білім беру жүйесіндегі оң өзгерістердің бастауына айналары сөзсіз.