Бүгін ауданымызда білім беру ұйымдарының педагог-тәлімгерлеріне арналған «Тағылымды тәлімгер жас маманның айнасы» атты семинар ұйымдастырылды. Семинардың басты мақсаты - жас мамандармен жұмыс істеуде тәлімгерлердің педагогикалық шеберлігін, коучингтік құзыреттілігін арттыру және заманауи коучинг құралдарын тәлімгерлік жұмыстануда тәжірибеге енгізу. Шара "2025-2029 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасы" және Батыс Қазақстан облысындағы "Білім берудегі тәлімгерлік" жобасы аясында жүргізілді.

Семинар шымылдығы «Позитив және мен» атты психологиялық тренингпен ашылды. Психологиялық сәт барысында ұстаздар белсенділік танытып жағымды эмоциялармен қуатталды. Бұл кезең қатысушылар арасында еркін қарым-қатынас орнатып, шығармашылық жұмысқа ерекше шабыт берді.
Оң көңіл-күймен басталған семинар әрі қарай мазмұнды сессияларға ұласты.

Сөз алған АӘК әдіскері, педагог-тәлімгерлер қауымдастығының жетекшісі Н.Б.Бисенова білім берудегі педагогикалық тәлімгерлікті ұйымдастырудың тиімді жолдарына тоқталып және қатысушыларға коучингтің мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Ащысай МББК химия пәнінің мұғалімі Д.А.Битенгалеева «Google Scholar» және «Deep Research» құралдарын педагогикалық зерттеулерде қалай қолдану керектігін көрсетіп, практикалық дағдылармен бөліссе, Л.Қылышев атындағы ЖОББМ физика пәнінің мұғалімі А.К.Сакиева жас мамандардың сабағын коучингтік техникалар арқылы талдаудың тиімділігін түсіндірді.
Семинардың практикалық бөлімінде қатысушы педагогтер жоғарыда аталған коучингтік техникалармен танысып, жұптық, топтық жұмыстар жасау арқылы тәжірибе алмасты.
Тәлімгерлер «Ой-талқы» алаңында жас мамандардың кәсіби кедергілерін анықтау және оларды шешу жолдарын қызу талқылап, ортаға салды.

Семинар соңында қатысушылар «3 Р моделі» бойынша кері байланыс жасап, алған әсерлерімен бөлісті.
Заманауи тәлімгер - тек бағыт беруші емес, ол жас маманның әлеуетін ашатын стратегиялық серіктес. Бүгінгі семинар осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін берді!