Бүгін аудандық мәдениет үйінде ұстаздар күніне арналған «Ғасырлар ғаламаты – ұстаз» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, білім саласының ардагерлері мен қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген педагогтерге шынайы құрмет көрсетілді.
Кеш шымылдығы мектептен тыс жұмыс орталығының оқушылары ұсынған «Ұстазым саған арналады» поэзиялық-композициялық қойылымымен ашылды.
Шара барысында аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім саласына сіңірген еңбектері үшін аудан әкімінің алғыс хатын және БҚО Білім басқармасының Құрмет грамоталарын табыс етті. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы білім мен тәрбие саласында қызмет еткен ардагер ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, алғыс білдірілді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде аудан мектептері мен бөбекжай-балабақша кешендерінің мұғалімдері, әдіскерлері, педагог-психологтері, әлеуметтік педагогтері және аға тәлімгерлері арнайы марапаттарға ие болды. Барлығы 60-тан астам ұстаз түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болып, сахна төрінен құрметпен аталды.
Ұстаздар құрметіне арналған музыкалық бағдарламалар шараның сәнін келтірді.
Шара соңында Шыңғырлау ауданының білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Ығылманұлы Есенов сөз алып, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, бөлім атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыс етті.
✨ Ұстаз – мәңгілік шамшырақ!
Бұл күні әрбір марапат, әрбір ән мен би – ұстаздарға деген алғыс пен құрметтің жарқын көрінісі болды. Кеш соңында естелік фотосуретке түсіп, қонақтар жылы лебізбен тарқасты. Ұстаздар күніне арналған бұл кеш ұстаз еңбегінің шексіздігін, ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айқын көрсетті.