Білім мен еңбектің жеңісі

Білім мен еңбектің жеңісі

18 маусым күні Бөрлі ауданында мектеп бітіруші түлектерге «Алтын белгі» белгісін табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті. Аудан әкімдігінің кіші залында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Имашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Тржанова, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, ұстаздар, ата-аналар және түлектер қатысты. Салтанатты жиын аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Тржанованың құттықтау сөзімен ашылды. Ол мектеп қабырғасында үздік білім көрсеткіштерін көрсетіп, білім мен ғылым жолында табанды еңбек еткен түлектердің жетістіктеріне тоқталып, олардың болашағына сәттілік тіледі.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары түлектерді маңызды жетістіктерімен құттықтап, «Алтын белгі» иегері атану үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол жастарға жоғары білім алып, ел дамуына өз үлестерін қосатын білікті маман болуға тілектестігін білдірді.

Рәсімде ауданның үздік түлектеріне «Алтын белгі» белгілері мен жалпы орта білім туралы аттестаттар, естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, білімді де тәрбиелі ұрпақ өсіруге үлес қосқан ата-аналар мен ұстаздарға алғыс айтылды.

Айта кетейік, биыл Бөрлі ауданы бойынша 2025-2026 оқу жылында Бөрлі ауданының білім беру ұйымдарында 548 түлек мектеп бітіріп, оның 11-і “Алтын белгі”, 21-і Үздік аттестат иегерлері атанып отыр.
Шара соңында құрметті қонақтар жас түлектерге ақ жол тілеп, алдағы өмір жолында биік белестерді бағындыруына, таңдаған мамандықтарының иесі атанып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуіне тілектестік білдірді. Бүгінгі салтанат – білім мен еңбектің, табандылық пен талаптың жеңісі. «Алтын белгі» иегерлерінің жетістігі кейінгі буын оқушыларын жаңа белестерге жетелейтін жарқын үлгі болары сөзсіз.