Бүгін білім беру бөлімінің 2025 жылға арналған аппараттық кеңес отырысы өтті. Отырыста аудан мектептеріндегі білім сапасы, кәсіптік бағдар және кадрлық жұмыс бағыттарындағы бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Алғашқы мәселе бойынша әдіскер Ж.Кукенова Ақсай қаласындағы №1,2,3,4,7,8 мектептеріндегі ағылшын және орыс тілдерінің оқытылу деңгейі, сондай-ақ оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындау жұмыстары туралы ақпарат берді. Әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Т.Нугманова аудан мектептерінде жүргізіліп жатқан кәсіби бағдар беру жұмыстарының нәтижелері мен жоспарларына тоқталды. Оқушыларды мамандық таңдауға бағыттайтын шараларды күшейту қажеттілігі айтылды. Үшінші мәселе бойынша әдіскер Ж.Кинжигареева облыстық ШЖМ жобасына енген мектептерде атқарылған жұмыстар мен қазіргі даму көрсеткіштері туралы баяндады. Сондай-ақ А.Байниязова HR Еңбек порталының қызметі, кадрлық деректерді жаңарту тәртібі және порталдың кадрлық үдерістерді оңтайландырудағы рөлі туралы мәлімет ұсынды. Кеңес қорытындысында ұсыныстар талқыланып, білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктелді.